Құрметті сайт қонақтары, әріптестер және достар!
«Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасына» бағынысты «Облыстық Перинаталдық орталығы» мемлекеттік кәсіпорынның әкімшілігі мен үлкен ұжымының атынан баршаңызды мекеменің ресми веб-сайтының оқырманы, көрермені болуға шақырамын.
Енді орталық туралы шағын шолу жасап өтейін:
Біздің Перинаталдық орталық – Ақтөбе облысының денсаулық сақтау жүйесінің туылу көрсеткіштері жөнінде ыждағатты жетіліп, дамып отырған саласы.
Перинаталдық орталығы - кәдуілгі перзентханаға қарағанда жоғары медициналық қызмет көрсеуге қауқарлы ірі клиника. Біздің мамандар тек туу ағымын сүйемелдеп қана қоймай, ұрықтану мен жүктілік және оның талапқа сай өтуін қадағалайды. Сонымен қатар, босанғаннан кейінгі ана мен балаға жоғары деңгейдегі күтім жасайды.
Перинаталдық орталығының негізгі мақсаты - бедеулікті анықтау және емдеу, жүктілікті сақтауға көмектесу, сәтті босануды қамтамасыз ету, яғни, жатырға бала біткеннен бастап, туу және туылғаннан кейінгі дәрігерлік бақылау мен күтім жасау бойынша отбасын жоспарлауға толық ықпал ету мен қолдау көрсету.
Біздің орталықтың мамандары Ақтөбе облысындағы әйелдер мен нәрестелерге жоғары деңгейдегі арнайы медициналық көмек көрсетеді.
Акушерлік стационарда жүктіліктің жоғары деңгейдегі қауіпті тобына кіретін әйелдерге қызмет жасалады. Бұл стационардың қарапайым перзентханадан айырмашылығы да осында. Мұнда босандырудың серіктестік әдісі, босану кезінде жанашыр жанның (ерінің) бірге болуы сияқты перинаталдық технологиялар кең қолданысқа енгізілген. Сәбиді ана сүтімен қоректендіру, емізу мерзімін белсенді түрде ұзарту насихатталады. Бөлімшеде ана мен нәресте үшін аса қолайы жағдайлар жасалған.
Біздің мекемеде жүкті әйелдерге жан - сақтау және кідіріссіз шұғыл ем-шара жасайтын бөлім бар. Бұл - Батыс Қазақстан аймағындағы ауыр және тым күрделі жағдайда босанған немесе босанатын әйелдерге көмек көрсететін бір де болса бірегей емдеу және көмек көрсету бөлімі болып табылады.
Перинаталдық орталығының кеңес беру-диагностикалық орталығында акушелік-гинекологиялық ауруға ұшыраған әйелдерге амбулаториялық қызмет көрсетіледі. Кей жағдайда мұнда, сәбилерге де жоғары медициналық қызмет ұйымдастырылады.
Жасанды ұрықтандыру бөлімі - акушерлік, гинекологиялық, педиатриялық және неонатологиялық қызметтерді жоғары деңгейде атқару үшін алдыңғы қатарлы үздік технологиямен жабдықталған. Перинаталдық заманауи технологияларды қолданысқа енгізу және жабдықталуы жөнінен бұл бөлім республика бойынша теңдесі жоқ дара бөлім болып саналды.
Ақтөбе аймағындағы медициналық - генетикалық кеңес беру қызметін көрсететін де біздің орталық. Мұнда - туа бітті және тұқым қуалаған аурулықты анықтайтын дербес те профилді өте қуатты зертхана қызметі ұйымдастырылған.
Қосымша репродуктивті технологиялар бөлімшесінде ерлер мен әйелдердің бедеулігін емдеудің соңғы үлгідегі озық технологиялары қолданысқа енгізілген.
Гинекология бөлімінің қайталанбас ерекшелігіне - жүктілікті босанғанға дейін жеткізе алмайтын қауіпі бар әйелдер мен бала көтеру қызметі бұзылған әйелдерге жоғары медициналық қызмет жасайтындығы жатады. Оған қосымша, бұл бөлімде гинекологиялық патологиясы анықталған жасөспірім қыз балалар мен бойжеткендер де емделеді.
Жаңа туылған сәбилер бөлімінде нәрестелер жатырдан шыққаннан кейінгі қоршаған ортаға қалыптасу, бейімделу кезеңін өткереді. Тұмса туған аналарға бөлім мамандары баланы дұрыс емізу, оған тиянақты күтім жасау жөнінде кеңес беріп, тәжірибелік тұрғыдан үйретіп, баулиды.
Денсаулығында туа бітті дерті бар, шала туылған балалар ( күтімнің 2-ші кезеңі) бөлімінде - жан - сақтау, хирургиялық және басқа да бөлімдерден жеткізілген түрлі патологиямен туылған нәрестелерге қуатты күтім жасалады. Осы бөлімге Ақтөбе олысының түкпір - түкпірінен ауыр жағдайда жеткізілген балалар қабылданады және емделеді. Бөлімде түрлі дертпен туылған нәрестелерге емдеу, оңалту шаралары жүргізіледі.
Егер сәбидің жағдайы жан - сақтау әдісі бойынша көмекті қажет етін болса, дереу ол нәресте жаңа туылған сәбилердің жан сақтау бөліміне жеткізіледі және мұнда ең маңызды тіршілік қызметі бұзылған әрі тым аз салмақпен туылған сәбилерге де медициналық көмек көрсетіліп, күтім жасалады.
Перинаталдық орталығының диагностикалық қызмет көрсету үшін мықты мүмкіндіктері бар. Мұнда күшті де қуатты жабдықталған зертханалар, ультрадыбыстық, сәулелік функционалды диагностика жасау қызметі тәулік бойына үздіксіз қызмет жасайды.
Біздің орталықта медициналық қызметті абыроймен атқара алатын кәсіби біліктілігі жоғары, өз ісінің майталман шебер мамандары шоғырланған. Әрбір бастаған жаңа ісіміздің табыспен, олжамен, ізденіспен тұрақты дамуға және жетістікке әкелетініне кәміл сенеміз.
Сіздерге деген құрметпен мекеме басшысы: Гүлшат Балғазықызы Темірбаева.